Шымкентте 9-сынып оқушысының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM — Жасөспірім өз үйінің ауласындағы сарайда өзіне қол жұмсаған. Оның денесін жұмыстан үйіне оралған анасы тауып алған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Енді полиция ауруханаларды тәулік бойы күзетеді
Фото: Қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Марқұм болған 14 жастағы баланың туыстарының айтуынша, қайғылы жағдайға сыныптастары тарапынан жасалған буллинг себеп болған. Ол телефонында төрт сыныптасына арналған хат қалдырған. Онда «Енді сендер мені ұра алмайсыңдар. Енді мені көрмейсіңдер» деп жазып, күдіктілердің есімдерін көрсеткен.

Жақындарының айтуынша, үш жыл бұрын жасөспірімнің әкесі қайтыс болған. Сол уақыттан бастап оны кемсіту, қорлау басталған. Баланы мазақтап, ақша бопсалап, түрлі тапсырмалар орындатқан. Ал бас тартқан жағдайда ұрып-соққан. Ол ұзақ уақыт бұл туралы ешкімге тіс жармаған. Алайда қайғылы оқиғаға аз уақыт қалғанда, ол жағдайды өзінің туыс ағасына айтып, көмек сұраған.

Жасөспірім оқыған №32 орта мектептің әкімшілігі оқушылар арасындағы жанжал мен ақша жинау деректерін жоққа шығарды. Өсиет хатта аты аталған төрт оқушы расымен де марқұммен бір сыныпта оқыған.

— Оның мектепте қорланғаны туралы бізде еш мәлімет жоқ. Оқиға алдында ешқандай жанжал болмаған. Оны ешкім соққыға жықпаған, — деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Райхан Түлеева.

Полиция өкілдері кәмелетке толмаған баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

— Кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр, барлық мән-жай анықталуда. Тергеу аяқталғаннан кейін іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады, — деді Шымкент қаласы Полиция департаменті.

Марқұмның туыстары кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр.

Бұған дейін хабарланғандай, Алматыда мектеп оқушысының өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, 1 қыркүйек күні ол мектеп жиынына бейресми киіммен келген. Әкімшілік оған ескерту жасап, келесі күні оқушыны оқудан шығарған. Ал 3 қыркүйекте оқушы өзіне қол жұмсаған.

Соңғы жаңалықтар