Шымкентте әкімдіктің 54 қызметкері құмар ойынға бой алдырған

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте құмар ойынға әуестенген мемлекеттік қызметшілер жұмыстан босатылып жатыр.

лудомания
Фото: Pexels

Қала әкімінің орынбасары, әкімдік аппаратының ресми өкілі Сәрсен Құранбектің мәліметінше, қалалық прокуратураның ұсынысы негізінде 54 қызметкердің лудоманияға бой алдырғаны анықталған. Олардың 30-ы – мемлекеттік қызметші.

Бүгінгі таңда 14 қызметкер өз еркімен жұмыстан кетіп, тәртіптік жазаға тартылған. Ал 10 қызметкер қызметтік әдепті өрескел бұзғаны үшін теріс себептермен жұмыстан шығарылған.

Қазіргі таңда 20 қызметкерге қатысты қызметтік тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Бұл – заң талабы. Біз бұл жағдайда өзгеше әрекет ете алмаймыз. Әрине, жанымыз ауырады. Олар білікті мамандар болуы да мүмкін. Алайда бұл – дерт. Олар оған шалдықты. Теріс қылықпен жұмыстан кеткеннен кейін басқа мекемеге орналасуы да қиынға соғады. Оны да ескеріп отырмыз. Бірақ заң – баршаға ортақ, одан жоғары тұратын ешкім жоқ. Сондықтан заң талаптары қатаң сақталуы тиіс, – деді Сәрсен Құранбек.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте құмар ойынға әуестенген мемқызметшілер бойынша анықталған әрбір фактіге сәйкес тиісті шешім қабылданатындығын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар