Шымкентте алғашқы қар жауды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласында ұзақ уақытқа созылған нөсер мен қатты желден кейін алғашқы қар жауды.

Шымкентте алғашқы қар жауды
Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Қалада ауа температурасы 0 градусқа дейін күрт төмендеді. Алайда қар жамылғысы әлі қалыңдаған жоқ. Ақ ұлпа тез еріп кетті.

Синоптиктердің болжамынша, 5 қарашада Шымкентте көшпелі бұлт шығады, түнде қар жауып, тұман түсуі мүмкін. Солтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, екпіні — 9-14 м/с. Ауа температурасы түнде -11-ден -13°C-қа дейін, күндіз -7-ден -9°C-қа дейін төмендейді.

— 6 қарашада Шымкентте көшпелі бұлт шығады, кей жерлерде қар жауып, бұрқасын, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің күші — 9-14 м/с. Ауа температурасы түнде -5-тен -7°C-қа дейін, күндіз -0-ден +2°C-қа дейін болады, — дейді синоптиктер.

Шымкентте алғашқы қар жауды
Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Полиция қызметкерлері жүргізушілерді көліктерін дайындауға, дөңгелектерін, тежегіш жүйесін, сұйықтық деңгейін, қажетті қысқы жабдықтардың болуын тексеруге шақырды.

— Қалааралық бағыттарда жолаушылар мен жүргізушілерге жылдамдықты, қашықтықты және маневр жасау ережелерін қатаң сақтау ұсынылады, — деп атап өтті қалалық полиция департаменті.

Сондай-ақ төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындарға төмен температура жағдайында газ және жылу жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелерін сақтаудың маңыздылығын ескертті.

— Температураның төмендеуіне байланысты Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды газ және жылыту жабдықтарын пайдалану жөніндегі нұсқаулықты қатаң сақтауға шақырады. Тұрмыстық газды немесе пешті дұрыс пайдаланбау жиі улану мен өртке әкеп соғады, — деп толықтырды ведомство.

Айта кетейік, Алматыда нағыз күзгі ауа райы басталып, қаланың төменгі бөлігінде жаңбыр, ал жоғары жағында алғашқы қар жауды. 

Соңғы жаңалықтар