Шымкентте алимент төлемей жүрген 7 борышкердің көлігі айыптұраққа қойылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласында прокуратура уәкілетті органдармен бірлесіп, алимент өндіруге бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізді.

Шара барысында жеке сот орындаушыларының қатысуымен борышкерлердің атына тіркелген автокөліктер тексерілді.
— Прокуратураның тапсырмасымен 36 алимент төлемей жүрген тұлғаның көлігіне қатысты ұстап, арнайы тұраққа жеткізу туралы қаулы шығарылды. Олардың ішінен «Сергек-Қорғау» жүйесі мен Жедел басқару орталығының көмегімен анықталған 7 көлік айыптұраққа жеткізілді, — делінген Шымкент қаласының прокуратурасы хабарламасында.
Бір күн ішінде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 4,7 млн теңге көлемінде алимент қарызы өндірілді.
Айта кетелік Атырауда алимент төлеуден жалтарған тоғыз адам қылмыстық жауапқа тартылған еді.