Шымкентте аудит нәтижесінде 43,3 млрд теңгенің заң бұзушылығы әшкере болды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте мемлекеттік мекемелердің кіріс-шығыс қаржысына онлайн бюджеттік мониторинг жүргізіле бастады. Қазір пилоттық жоба аясында білім, денсаулық, спорт және мәдениет басқармаларында аудиттік тексеріс жүргізіліп, бірқатар қаржылық заңбұзушылық анықталды.

аудит, тексеріс
Фото: pixabay

Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Бақберген Құралбаевтың мәлімдеуінше, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында департамент 19 аудиттік іс-шара өткізген. Оның ішінде 3-еуі жоспарлы, 16-сы жоспардан тыс тексеру болған. Тексеру нәтижесінде жалпы көлемі 43,3 млрд теңге көлемінде заң бұзу анықталған.

— Оның 14,3 млрд теңгесі — қаржылық бұзушылықтарға қатысты. Атап айтқанда бюджетке өтелуге жататын сома — 203,7 млн теңге. Сондай-ақ құрылыс саласындағы орындалмаған жұмыстарды қалпына келтіруге 13,4 млрд теңге, бухгалтерлік есеп арқылы қалпына келтіруге 674,5 млн теңге бағытталған. Ал рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар көлемі 29 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзу деректері 28,9 млрд теңгені құраған, — деді спикер.

ақша бухгалтер
Фото: СҚО прокуратурасы

Жүргізілген 19 аудиттің 14-інде қаржылық заң бұзушылықтар анықталып, бюджет қаражатын негізсіз пайдалану үлесі 74 пайызды көрсетті.

Тексеру қорытындысы бойынша 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 2 азамат әкімшілік жаза алып, 432 мың теңге көлемінде айыппұл төлеген. Бұдан бөлек 1,2 млрд теңгеге қатысты 3 аудит материалы процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.

Сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша ең тәуекелі жоғары төлемдерге жүргізілген талдау нәтижесінде құрылыс басқармасы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, цифрландыру басқармасы қамтылған. Аталған мекемелердегі 106 төлемнің 64-і бойынша қауіп расталды.

Бақберген Құралбаевтың айтуынша, «Онлайн бюджеттік мониторинг» пилоттық жобасы төрт салада жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында білім, денсаулық, спорт және мәдениет басқармаларына 918 тәуекелді төлем бойынша жалпы сомасы 293,3 млн теңгеге 45 хабарлама жолданған.

— Оның ішінде 11,9 млн теңге немесе 4 пайызы қызметкерлерге еңбекақы төлеу кезінде негізсіз артық аударылғаны анықталды, — деді ол.

Сонымен қатар департамент жыл басынан бері 8503 мемлекеттік сатып алу процедурасына камералдық бақылау жүргізген. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу саласында 25 млн теңгеге заңнама талаптарының бұзылғаны белгілі болды.

Бұдан бұрын Шымкент әкімдігі Наурызға арналған роликтерге жұмсалған қаражатқа қатысты түсінік бергенін жазған едік.