Шымкентте ауыл шаруашылығы құрылымдарының жартысынан көбі санақтан онлайн өткен
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы құрылымдарының 56,5% Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн форматта қатысқан, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

Бюроның деректер каталогына сәйкес, өңірде 7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген. Олардың ішінде 809 — заңды тұлға болса, 6 мыңнан астамы — шаруа және фермер қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер.
Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, қатысу деңгейінің салыстырмалы түрде төмен болуына бірқатар себеп бар. Атап айтқанда, көптеген шаруа қожалықтары іс жүзінде ешқандай қызмет атқармайды.
— Санақ барысында біз бұрын мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін заңды түрде тіркелген, бірақ шын мәнінде жұмыс істемейтін қожалықтарды анықтадық. Кейбіреулері бұрын түрлі жылдары ашылғанымен, кейіннен жұмыс істемей, жабылмай қалған. Сонымен қатар, Шымкент қаласының аумағында тіркеліп, іс жүзінде қаладан тыс жерде орналасқан шаруашылықтар да бар. Қазір біздің интервьюерлер осы мекенжайлар бойынша барып, иелерін тауып, олардың нақты мәртебесін анықтап жатыр. Бұл жұмыс 20 қазанға дейін жалғасады, — деді Бюро басшысы.
Ауыл шаруашылығы санағы аясында шаруашылықтарды есепке алу мәселелері Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімовпен өткен кездесуде талқыланды.
Шымкент қаласына жасаған сапары аясында Бюро басшысы қияр мен қызанақ өсіретін, өнімдерін өңірге тарататын және Қазақстанның басқа облыстарына экспорттайтын «IMG corporation» ЖШС-нің жылыжай кешеніне де барды. Бұл кәсіпорын санаққа онлайн кезең кезінде қатысып үлгерген.
— Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысатын осындай шаруашылықтардың санаққа қатысуы өте маңызды. Бұл өңірдің ауыл шаруашылығы бойынша нақты көрінісін көруге және жылыжай өндірісінің әлеуетін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді, — деп атап өтті Бюро басшысы.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағының офлайн кезеңі 2025 жылғы 20 қазанға дейін жалғасады. Барлық сұрақ бойынша 1446 байланыс орталығына (күн сайын сағат 9:00–ден 21:00–ге дейін, қоңырау шалу тегін) хабарласуға болады.
Бұдан бұрын Түркістан облысында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының офлайн кезеңі аясында 441 интервьюер жұмыс атқарып жатқаны хабарланды. Бұл еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш