Шымкентте балаларға берілетін біржолғы әлеуметтік көмек жыл соңына дейін төленеді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте мүгедектігі бар балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін біржолғы әлеуметтік көмек 2026 жылдың соңына дейін төленеді. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мәлімдеді.

Шымкентте балаларға берілетін біржолғы әлеуметтік көмек жыл соңына дейін төленеді
Фото: Kazinform

Ведомствоның мәліметінше, төлем мерзімінің кейінге шегерілуіне нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажеттігі себеп болған. Қалалық мәслихаттың таратылуына байланысты тиісті рәсімдер уақытында аяқталмаған.

— Бастапқыда біржолғы әлеуметтік көмекті 25 қазан — Республика күніне орай беру жоспарланған еді. Алайда төлем жасау үшін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет. Жергілікті мәслихаттың таратылуына және қажетті рәсімдердің аяқталмауына байланысты төлем мерзімі кейінге шегерілді. Тиісті шешім қабылданғаннан кейін қаражатты 2026 жылдың соңына дейін аудару жоспарланып отыр, — деп хабарлады басқарма.

Біржолғы әлеуметтік көмек кәмелетке толмағандардың екі санатына қарастырылған:

— 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға — 5 АЕК немесе 21 625 теңге;
— ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға — 20 АЕК немесе 86 500 теңге.

Басқарма өкілдері төлемнің нақты күні әзірге белгіленбегенін, тиісті шешім қабылданған соң қосымша хабарланатынын мәлімдеді.

— Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қамқоршыларынан төлем мерзімінің өзгеруіне түсіністікпен қарауды сұраймыз, — делінген басқарма хабарламасында.

Бұған дейін Шымкентте 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 8238 бала тіркелгені хабарланған болатын. Осы санаттағы балаларға біржолғы көмек көрсетуге 178,1 млн теңге қарастырылған. Ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 720 балаға төлем жасауға 62,3 млн теңге бағыттау жоспарланған.