Шымкентте дәрігерлер жүрегі тоқтап қалған жүкті әйелді аман алып қалды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкентте тұратын жүкті әйел шұғыл түрде №2 қалалық аурухананың перзентханасына жеткізілді. Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ол қатты қан кетумен, 3-ші дәрежелі геморрагиялық шок жағдайында келіп түскен.

Операциялық үстелде оның жүрегі тоқтап қалды. Бірақ құрамында анестезиологтар, акушер-гинекологтар, операциялық мейіргерлер, трансфузиологтар бар дәрігерлер тобы жүрек-өкпе реанимациясын сәтті жүргізді.
Негізгі өмірлік функцияларын қалпына келтіргеннен кейін қан кетуді тоқтату операциясы жүргізілді және дәрігерлер бригадасының үйлесімді және жоғары білікті іс-қимылдарының арқасында пациенттің өмірін сақтап қалды.
Бүгінгі таңда босанған әйел мен сәбидің жағдайы қанағаттанарлық және оларды үйге шығаруға дайындап жатыр.
Өскеменде аялдамада жүрегі тоқтап құлап қалған әжені дәрігерлер құтқарып қалғанын жазған болатынбыз.