Шымкентте екі басқармаға жаңа басшы келді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен балалар құқығын қорғау басқармасының басшылары тағайындалды.
Меритократия қағидатына сәйкес қала әкімінің өкімімен Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымына Ермек Тұрманов тағайындалды.
Ермек Тұрманов 1993 жылы Шымкент қаласында туған. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетін әлемдік экономика, құқықтану мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2015 жылы Еңбекші ауданы әкімінің аппаратында бастаған. 2016-2018 жылдары Шымкент қаласының кәсіпкерлік бөлімі өнеркәсіп, шағын, орта бизнес және сыртқы экономикалық байланыс секторының бас маманы болып қызмет атқарды.
2018-2023 жылдары Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы болып еңбек етті. Бүгінге дейін аталған басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Сонымен қатар Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша, қала әкімінің өкімімен Шымкент қаласының балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы лауазымына Мөлдір Кеуенова тағайындалды.
Мөлдір Кеуенова 1985 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданында туған. Білімі жоғары. М.Әуезов атындағы ОҚМУ және Ж.Тәшенов атындағы университетін тарих, құқық және экономика негіздері, құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Ж.Тәшенов атындағы университетті заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2007 жылы Шымкент университетінде «Тарих және география» кафедрасының оқытушысы болып бастаған.
Әр жылдары мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, Шымкент қаласының ішкі саясат бағыты бойынша түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2011 жылы Ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы болып бастап, бас маман, сектор меңгерушісі, Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болды.
Сондай-ақ бірнеше жыл Шымкент қаласы әкімінің аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы, ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің бас инспекторы, Ішкі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары, Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
2025 жылғы 24 қарашадан бастап бүгінге дейін Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары лауазымында еңбек етіп келді.
Бұған дейін Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасына жаңа басшы тағайындалғаны туралы хабарлаған едік.