Шымкентте екі көшенің қиылысында асфальт опырылып қалды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласы Тұран шағынауданында екі көшенің қиылысында жол қақ ортасынан ойылып қалды.

Шымкентте екі көшенің қиылысында асфальт опырылды
Фото: видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде тараған видеода жол жиегіндегі асфальттың бүлінгенін көруге болады. Онда жолдың қолданысқа берілгеніне көп болмағанын айтқан тұрғын құрылыстың сапасыз жүргізілгенін сынға алған.

Осыған қатысты Kazinform тілшісіне Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ресми түсінік берді.

Шымкентте екі көшенің қиылысында асфальт опырылды
Фото: видеодан алынған скрин

– Қаратау ауданы, Тұран шағынауданы, Шырайлы көшесінде асфальтты 2025 жылы қыркүйек айында «Жарық Жол Сервис» ЖШС салған болатын. Қазіргі таңда аталған көшеде асфальтбетон жабындысының отыруы байқалды. Басқарма мамандары жүргізген тексеріс барысында көшенің белгілі бір аумағында асфальт астында бұрын кәріз құбырлары жүргізілгені анықталды. Дәл сол жерде топырақтың отыруынан асфальт қабаты шөккен, – делінген ведомствоның ұсынған жауабында.

Аталған ақауларды жою мақсатында қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жоспарға енгізілген.

– Жауапты мердігер мекеме тарапынан шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Кепілдік мерзімі аясында толық қалпына келтіру жұмыстары биыл ауа райының қолайлы мезгіліне жоспарланып отыр, – деді басқарма өкілдері.

Бұдан бұрын Шымкентте тақыр жерге асфальт төселіп, жол салынып жатқан видео тарағанын жазған едік.

 

 

Соңғы жаңалықтар