Шымкентте еліміздегі ең үлкен жылыжай салынады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте 650 гектар жерге еліміздегі ең үлкен жылыжай салынады. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков айтты.

«Үкіметтің 2028 жылға дейінгі бекітілген жоспарына сәйкес, қалаға 5,6 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Бүгіннің өзінде 2,7 трлн теңге болатын 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен 220 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Оның ішінде, келесідей ірі жобалар бар: «Alarko Holding» түрік компаниясы 650 гектар жерге салатын құны 650 млн АҚШ долларлық елімізде аумағы жағынан ең үлкен заманауи жылыжай кешені жобасы. Оның 500 гектарына жылыжай, қалған 150 гектарға оқу корпусы, қойма, зертхана мен жатақханалар салынады. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда, инвестиция құны 226 млн АҚШ долларын құрайтын жобаның 1 кезеңіне 208 гектар жер телімі бөлініп, жерді дайындау жұмыстары басталды», — деді қала әкімі ОКҚ алаңында.
Сондай-ақ, Ғабит Сыздықбеков өткен аптада польшалық «Fabe Polska» компаниясымен құны 200 млн АҚШ долларын құрайтын 150 гектар аумаққа жоғары технологиялы жылыжай салу бойынша келісімге қол қойылғанын айтты. Мұнда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өнімі алынып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады.
Қала басшысы жылыжайлардан бөлек тағы ірі екі жобаны атап өтті.
«AKSA energy» компаниясы құны 700 млн АҚШ доллары болатын қуаттылығы 500 МВт бу газ қондырғысын салады. Жобаны іске асыру арқылы қала тұрғындары сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етіледі. Тағы бір ірі жоба — «INTERTRANS» компаниясының 150 млн АҚШ долларына мұнай өнімдерін терең өңдеу арқылы ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салуы. Жобаны іске асыруға 30 гектар жер телімі бөлінді», — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін қала басшысы Шымкентте өңдеу өнеркәсібі саласында 12 жоба іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын айтқан болатын.
Сондай-ақ, қалада жаңадан 2 индустриялық аймақ іске қосылғаны айтылды.