Шымкентте есірткі таратқан екі әйел ұсталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Қазіргі таңда күдіктілер қамауда.

28 және 31 жастағы әйелдер синтетикалық есірткі таратумен айналысқан. Қала аумағында есірткі орамаларын жасырып, ол орындардың координаттарымен мессенджерде бөлісіп отырған.
Қылмыстық әрекетін жүзеге асыру үшін олар жалға пәтер алып, онда есірткі заттарын дозаларға бөліп ораумен айналысқан. Ұсталғандардан жалпы салмағы 90 граммды құрайтын мефедрон салынған 60 орама тәркіленді.
— Күдіктілерді полиция «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыруға бағытталған арнайы іс-шаралар барысында ұстады. Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізгені үшін олар ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, — делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында туыстарын аяусыз өлтірген күдіктілерге қатысты сот отырысы басталғанын жазған болатынбыз.