Шымкентте есірткі жарнамасын таратқан тұрғын 3,3 жылға сотталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте тыйым салынған сайттардың сілтемесін көшелерге жазып, таратқан тұрғын ұсталды, деп хабарлайды қалалық прокуратура.

Бақылаушы органның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Құқықтық тәртіп және тазалық» жобасы аясында коммуналдық қызметтердің «Тазалық сақшылары» құқық бұзушылықпен күресте белсенді көмек көрсетіп келеді.
Олардың қырағылығының нәтижесінде қала көшелеріне есірткі заттарын сататын интернет-дүкендердің жарнамасын жазып жүрген 28 жастағы азамат ұсталған.
- Тергеу барысында ер адам қаржылық қиындықтарға тап болып, Telegram мессенджері арқылы күмәнді «қосымша табыс» туралы хабарландыруға келісім бергені анықталды. Белгісіз тапсырыс берушіден нұсқау алған ол түнгі уақытта трафарет пен аэрозольді бояу арқылы тыйым салынған сілтемелерді жазған, - делінген ақпаратта.
Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы 2-бөлігі бойынша үш жыл үш айға бас бостандығынан айырылды.
Прокуратура өкілдері күдік тудыратын граффити, жарнама немесе басқа да әрекеттерді байқасаңыз, 102 нөміріне хабар беруге кеңес береді.
Айта кетейік, Шымкентте құмар ойынға әуестенген мемқызметшілер жұмыстан босатылып жатыр.