Шымкентте гараж ішіндегі жертөледен бір қап марихуана табылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Есірткі сатушыны қалалық полиция департаментіне қарасты ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері қолға түсірді.
Күдікті бір қап марихуана мен 200-ге жуық есірткі орамасын гараж ішінде жасалған жертөлеге жасырып келген. Тәртіп сақшыларының сөзіне сүйенсек, ер адам есірткіні өлшеп-орап, әрі қарай сату үшін сақтаған.
«Тәркіленген есірткі құралдарының салмағы 10 келіден асты, бұл аса ірі көлем саналадык. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде», - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҰҚК 18 халықаралық және 9 аймақтық есірткі арнасының жолын кескенін жазған едік.