Шымкентте қарақұрт шаққан 5 адам дәрігерге жүгінді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Биыл қарақұрттар әдеттегіден ерте белсенді бола бастады.

қарақұрт
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Шымкентте 8 тұрғын қарақұрт шағуына байланысты қалалық гипербариялық оксигенация орталығына жүгінген. Үш жағдайда зардап шеккендер шағудың нақты қайдан болғанын анықтай алмаған, алайда бес жағдайда дәрігерлер себепші каракурт екенін анықтады. Олардың екеуі ауруханаға жатқызылса, қалғандары амбулаториялық ем қабылдаған. Дер кезінде көрсетілген көмектің нәтижесінде өңірде ауыр асқынулар мен өлім жағдайлары тіркелген жоқ.

Орталықтың бас дәрігері Мадина Ермаханбетованың айтуынша, қарақұрт шағуы бастапқыда ерекше белгі бермеуі мүмкін.

- Алғашқыда жеңіл шаншу мен теріде қызару байқалады. Бірақ 10–15 минут өткен соң улану белгілері пайда болып, бүкіл денені жайлаған ауырсыну, құрысу, бас пен іштің ауыруы, қатты терлеу, ентігу және жүрек жұмысының бұзылуы сияқты симптомдар байқалады. Ескеретін жағдай, улы жәндіктер өздігінен шабуыл жасамайдын. Бірақ мекендеу ортасына қауіп төнген жағдайда қорғану мақсатында шағуы мүмкін, – деді Мадина Ермаханбетова.

Өткен жылы қарақұрттардың белсенділігі шілде айына сәйкес келген болатын. Сонда орталыққа 20 адам қарақұрт шағуына байланысты жүгінген. Олардың ішінде 14 ер адам, 4 әйел және 2 бала бар.

Қарақұрттар көбіне тар әрі құрғақ жерлерде болады. Ескі сарайлар, қураған шөп, құрылыс қалдықтары, тіпті киім мен аяқкиім ішін мекендейді. Адамдар өрмекшіні байқамай, абайсызда байланысқа түскенде шағу жағдайы орын алады. Сондықтан дәрігерлер күн жылынысымен сақтық шараларын қолдануды ұсынады. Атап айтар болсақ, аяқкиім мен сырт киімді кимес бұрын мұқият тексеру керек, үй ауласын таза ұстау, шөп пен қоқысты уақтылы тазарту қажет.

Ал улы жәндік шағып алса дереу медициналық көмекке жүгінген дұрыс. Себебі, қарақұрт у-ы адам өміріне қауіпті. 

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте жылан көбейіп кеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар