Шымкентте қаза тапқан сарбаз жер қойнына тапсырылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Әскер қатарында қаза тапқан 19 жастағы Дінмұхамед Шынарбеков бүгін Шымкент қаласында жерленді.

Жас сарбаз әскер қатарында небәрі бес ай ғана қызмет еткен. Тамыз айының соңында ғана 19 жасқа толған Дінмұхамед Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Матыбұлақ ауылындағы әскери бөлімде борышын өтеп жүрген.

Марқұмның туыстары суицид нұсқасына сенбейтінін айтып, оқиғаның мән-жайын әділ әрі бейтарап тергеуді талап етті.
— Оны өлтіріп, тұншықтырған, содан кейін ғана іліп қойған. Бұл – кісі өлтіру. Кейін әдейі асылып қалғандай етіп көрсеткен, – деп ашынды туыстары.

Белгілі болғандай, Дінмұхамед пен оның егізі Даниял әскерге әртүрлі уақытта шақырылған. Даниял былтыр күзде борышын өтей бастаған, ал Дінмұхамед биыл көктемде әскер қатарына аттанған. Олар әртүрлі әскери бөлімге бөлініп жіберілген.

Қайғылы жағдай Матыбұлақтағы әскери бөлім аумағында болған. Қазір бұл іске байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте сауда орталығы өртке оранғанын жазған болатынбыз.