Шымкентте киберполиция интернет-алаяқтықтың жолын кесті

АСТАНА. KAZINFORM — Шымкентте киберполиция интернет-алаяқтықтың жолын кесіп, зейнеткердің ұрланған 9 млн теңгесін қайтарып берді. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

алаяқтық
Фото: ҚР ҰҚК

— Шымкентте полиция ірі интернет-алаяқтық дерегінің алдын алып, қарт тұрғынға ұрланған қаражатын қайтаруға көмектесті. Алаяқтар зейнеткерге хабарласып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Психологиялық қысым жасап, түрлі айла-тәсілдерді қолданып, әйелді құпия деректерін айтуға және белгілі бір әрекеттер жасауға көндірген, — деп жазды құзырлы органнан.

Соның салдарынан оның банктік шотынан қомақты қаржы заңсыз аударылған. Жәбірленушінің арызына жедел әрекет еткен киберполиция қызметкерлері қажетті іс-шаралар кешенін жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ақша аударылған арна дер кезінде анықталып, қаражаттың әрі қарай қолма-қол ақшаға айналдырылуына жол берілмеді.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары жәбірленушіге 9 млн теңгені қайтарып берді. ️ Полицейлер мұндай қылмыстардың, әсіресе, егде жастағы азаматтарға қатысты жиі кездесетінін атап өтеді.

Осыған байланысты тұрғындарды сақ болуға шақырады. Жеке деректерді, SMS-кодтарды және банк картасының мәліметтерін ешкімге жария етпеу қажет. Күдікті қоңырау түскен жағдайда дереу полицияға хабарласыңыз. 

Айта кетейік, Қазақстанда интернет-алаяқтықтан келген шығын 4,8 млрд теңгеге жетті.

Соңғы жаңалықтар