Шымкентте қырғызстандық екі қыздың күшпен жұмыс істегені туралы ақпарат тексеріліп жатыр
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде Қырғызстаннан келген екі қыздың Шымкентте күштеп ұсталғаны туралы ақпарат тарады.
Қырғызстандық 24.kg басылымының мәліметінше, 2024 жылдың наурызында К.К. есімді әйел 16 және 18 жастағы екі қызды жұмысқа орналастырамын деп уәде беріп, Шымкентке алып кеткен. Алайда кейін қыздар аналарына хабарласып, өздерінің ұрып-соғылғанын және базар мен қоймада ауыр жұмысқа жегілгенін айтқан. Олардың сөзінше, өздеріне құл сияқты қарым-қатынас жасалған.
Анасының сөзіне қарағанда, жұмыс берушілер қыздардың құжаттарын тартып алып, олардың Қырғызстанға қайтуына мүмкіндік бермеген. Кейін көші-қон заңнамасын бұзуға байланысты сотта істері қаралып, қыздар елге қайтарылып, аналарына табысталған.
Бұл жағдайға қатысты Шымкент қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.
– Тексеру жүргізіліп жатыр. Аталған дерек бойынша полицияға ресми өтініш түспеген. Қазір келіп түскен ақпараттың мән-жайы анықталуда, оның ішінде Қырғыз Республикасының құзырлы органдарымен бірлесіп тексеру жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі, – делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін Жамбыл облысында балалар арасындағы буллинг фактілері жасырылып келгені хабарланған болатын.