Шымкентте қоғамдық көлікте билетсіз жүргендерге салынатын айыппұл мөлшері өзгерді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласында қоғамдық көлікте билетсіз жүрген жолаушыларға қатысты жауапкершілік күшейтілді. Өткен жылы салынған айыппұл сомасы шамамен 70 миллион теңгеге жуық болған.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Шымкентте қоғамдық көлікте билетсіз жүргені үшін айыппұл мөлшері ұлғайды. Бұл әкімшілік айыппұлдарды есептеу кезінде қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуімен байланысты.
2025 жылы АЕК мөлшері 3 932 теңге болса, 2026 жылдың басынан бастап ол 4 325 теңгеге дейін артты. Осыған сәйкес, автобуста билетсіз жүргені үшін салынатын айыппұл көлемі де өсті.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, билетсіз жол жүргені үшін айыппұл көлемі — 2 АЕК, яғни 2026 жылы бұл сома 8 650 теңгеге тең. Ал өткен жылы айыппұл мөлшері 7 864 теңге болған.
— Жолаушыларды автобусқа мінген сәттен бастап жолақысын уақытында төлеуге және сапар соңына дейін электронды билетті сақтауға шақырамыз, — деп хабарлады қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылы Шымкентте билетсіз жол жүргені үшін 8 890 әкімшілік хаттама толтырылған. Айыппұл мөлшері 2 АЕК (7 864 теңге) болған жағдайда, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы — 69 910 960 теңге.
Қалада жолақы төлеуді күн сайын қоғамдық көлік бағыттарына шығатын 110 контролер бақылайды.
Мамандардың айтуынша, төлемнің дұрыс әрі толық тіркелуі бүкіл көлік жүйесінің тиімді жұмысына тікелей әсер етеді.
— Әкімдік шешімімен тегін жол жүру құқығы берілген азаматтардың өзі көлік картасын планшет арқылы міндетті түрде валидациядан өткізуі қажет. Жолақысын төлемейтін немесе қолма-қол ақшаны жүргізушіге беретін жолаушылар жүйеде тіркелмейді. Бұл жолаушылар ағынын талдауды бұрмалап, жүктемесі жоғары бағыттарға қосымша автобустардың уақытылы шығарылмауына әкелуі мүмкін. Себебі жүйе тек төленген сапарлар мен валидатордан өткен карталарды ғана есепке алады, — деді «Smart mobility» ЖШС — Avtobys электронды билеттеу және диспетчерлеу жүйесінің директоры Жомарт Камидоллин.
Бұдан бұрын 2026 жылы Шымкентте қоғамдық көліктің жолақысы қымбаттауы мүмкін екенін жазған едік.