Шымкентте қоғамдық көліктерде жолақы енді тек электронды түрде қабылданады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте жыл басынан бері қоғамдық көліктерде билетсіз жүрген жолаушыларға 3 247 әкімшілік хаттама толтырылды.

автобус, онай, Караганда
Фото: ТОО Smart mobility

Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, енді қоғамдық көліктерде жолақы тек электронды түрде төленеді. Атап айтқанда, төлем көлік картасы, QR код, SMS, банк карталары, арнайы мобильді қосымша (NFC) және Apple Pay, Google Pay, Samsung Pay төлем жүйелері арқылы қабылданады.

– Қаладағы қоғамдық көліктерде жолақыны қолма-қол ақшамен немесе жүргізушінің жеке шотына аудару арқылы төлеуге болмайтынын хабарлайыз. Жолаушының жолақыны төлегені расталмаған жағдайда заң бойынша әкімшілік шара қолданылып, 8650 теңге мөлшерінде айыппұл салынады, – делінген қала әкімдігі таратқан ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, тексеруші топтың автобустардағы күнделікті бақылауы нәтижесінде 2026 жылдың басынан бері билетсіз жүрген жолаушыларға 3 247 әкімшілік хаттама рәсімделіп, айыппұл салынған.

– Осыған байланысты жолаушылардан қоғамдық көлікте жолақыны уақытылы және белгіленген тәртіппен төлеуді сұраймыз. Электронды төлем жүйесі жолаушылар ағынын нақты есептеуге мүмкіндік береді. Бұл қоғамдық көліктер санын арттыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал етеді, – деп мәлімдеді қала әкімдігі.

Бұдан бұрын Шымкентте қоғамдық көліктің жолақысы қымбаттауы мүмкін екенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум