Шымкентте көлік салығы бойынша берешегі бар 10 азамат жүргізуші куәлігінен айырылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласында көлік салығы бойынша берешегі бар азаматтарға қатысты өндіріп алу және шектеу шаралары күшейтілді.
Шымкент қаласында көлік салығы бойынша берешегі 250 АЕК-тен асатын 44 тұлғаға қатысты жүргізуші куәлігінен айыру шараларын қолдану үшін сот органдарына ұсыныс жолданған.
— Сот органдарына жолданған материалдардың нәтижесінде 10 борышкер жүргізуші куәлігінен айырылды, — деді Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Шоқан Омарбек.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Ішкі істер департаментімен бірлесіп, «Қорғау» жүйесі арқылы көлік салығы бойынша қарызы бар тұлғаларды анықтау және берешекті өндіріп алу бағытында тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді.
Нәтижесінде 41 борышкерден 17 млн теңге көлемінде берешек өндірілсе, 12 млн теңге қарызы бар 33 автокөлік айыппұл тұрағына жеткізілген.
Сондай-ақ департамент өкілдері салық берешегі 500 мың теңгеден асатын 179 борышкерге қатысты мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын жүргізіп жатыр.
— Берешек ерікті түрде өтелмеген жағдайда, заң талаптарына сәйкес борышкердің мүлкіне тыйым салынып, оны алып қою шаралары қолданылады, — деді спикер.
Бұдан бұрын Шымкентте 18 мыңға жуық жүргізуші көлік салығын төлемегені туралы жазған едік.