Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбай ісі бойынша тергеу аяқталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша жәбірленуші тарап қылмыстық істің алғашқы жеті томымен танысты. Биылғы жылдың ең резонансты істерінің бірі бойынша материалдар танысу рәсімі аяқталған соң сотқа жолданады.

Убийство Нурай Серикбай: завершено расследование одного из самых резонансных дел года
Фото: Сұлтан Серікбайдың жеке мұрағатынан

Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаровтың айтуынша, марқұмның туыстары мен олардың өкілі қылмыстық істің алғашқы жеті томымен танысып, құжаттардың көшірмелерін алған.

– Нұрай ісі бойынша тергеу әрекеттері аяқталды. Жәбірленуші тарап пен олардың адвокаты қылмыстық істің бірінші томынан жетінші томына дейінгі материалдармен танысып, көшірмелерін алды. Қазіргі уақытта танысу рәсімі өтіп жатыр. Процеске қатысушылар заңда көзделген құқықтарын толық көлемде жүзеге асырғаннан кейін іс сотқа жолданады, – деді Аянхан Омаров.

Адвокаттың сөзінше, көптомдық істің сотқа жолдану мерзімі жөнінде қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.

Ал Шымкент қалалық полиция департаменті Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша тергеудің аяқталғанын растады.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта қылмыстық іс тараптардың материалдармен танысуының соңғы кезеңінде тұр.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, полиция қаза тапқан студент қыздың отбасы жариялаған деректерге жауап берді.

Президент Шымкенттегі бойжеткеннің өліміне қатысты Бас прокуратураға тапсырма берді.

Қызды өлтіру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу үшін орталық аппараттан мамандар жіберілді.

Бойжеткеннің өлімінен кейін өз қызметіне селқос қарады деген күдікпен полиция қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені хабарланды.

Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікті мәжбүрлі психиатриялық емдеуге жіберілді.

Кейіннен күдіктінің психикалық ауытқуы расталмады.

Сонымен қатар Нұрайдың ісі сотқа қашан түсетіні хабарланды.