Шымкентте құдық ішінде екі жұмысшы уланып, көз жұмды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте құбыр төсеу жұмыстары кезінде екі жұмысшы қаза тапты. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Канализационный колодец, рабочие, гибель
Фото: freepik

Алдын ала мәлімет бойынша, 20-22 жастағы екі жұмысшы құдық ішінде ауа құрамындағы зиянды заттан уланып, көз жұмған.

– Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жауапты тұлғалар анықталып жатыр, – деп хабарлады Шымкент қаласының полиция департаменті.

Полиция өзге мәліметтердің Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін Шымкентте 2026 жылдың алғашқы алты айында 17 жазатайым оқиға тіркелгенін жазған едік. 

Сондай-ақ Шымкентте 13 жасар жасөспірім даяшы болып жұмыс істеп жүріп көз жұмғаны хабарланды.