Шымкентте құны 6 млн теңгеден асатын ми операциясы тегін жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкенттегі № 2 қалалық ауруханада жоғары технологиялық нейрохирургиялық операциялар пациенттерге тегін жасалып жатыр. Жақында 38 жастағы әйелге ми тамырының аневризмасына байланысты күрделі эндоваскулярлық операция жасалды.
Шымкент әкімдігінің хабарлауынша, 38 жастағы пациент ұзақ уақыт бойы басының қатты ауырғанына шағымданған. МРТ тексеруінен кейін дәрігерлер оның ми тамырында аневризма бар екенін анықтаған.
Мамандар науқасқа ашық операция жасаудың орнына заманауи эндоваскулярлық әдісті таңдаған. Бұл тәсіл кезінде қан тамыры арқылы арнайы құрал енгізіліп, аневризма орналасқан жерге стент қойылады.
Операцияны нейрохирург Еркін Медетов жасаған. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, ол дәрігерлердің бақылауында.
Мұндай операцияның құны 6 млн теңгеден асады. Алайда пациентке қажетті медициналық көрсетілім болғандықтан, жоғары технологиялық медициналық көмек аясында операция тегін жасалған.
Мамандардың айтуынша, медициналық көрсетілім болған жағдайда осындай күрделі нейрохирургиялық операциялар пациенттерге тегін көрсетіледі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда құны 5 млн теңгеге жуық омыртқаға жасалатын операциялар тегін болатынын жазғанбыз.