Шымкентте құрылыс басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары 7,5 жылға сотталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM-Шымкент қаласында құрылыс басқармасы басшысының экс-орынбасары Серік Күшербеков 83 млн теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырғаны және заңдастырғаны үшін 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Шымкентте құрылыс басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары 7,5 жылға сотталды
Фото: gov.kz

Тергеу мәліметінше, 2023–2024 жылдар аралығында «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директорының орынбасары болып тұрған кезінде Серік Күшербеков конкурс өткізбестен өзінің сыбайласы Бағлан Пернебек басқаратын «Shanyrak Stroy Invest» ЖШС-мен келісімшарт жасаған. Жаңа мердігермен шарт алдыңғы орындаушы — «ПМК-7 ЛТД» ЖШС-пен жасалған келісімді біржақты бұзғаннан кейін рәсімделген. Нәтижесінде жұмыстың құны 172 миллион теңгеге дейін, ал көлемі 78 үйге дейін ұлғайған.

Кейін дәл осындай схема 43 көпқабатты тұрғын үйге техникалық тексеру және энергия аудитін жүргізу барысында да қолданылған. Алдымен көрсетілген қызметтер үшін сараптамалық ұйымға 6,45 миллион теңге төленген. Алайда кейінірек Серік Күшербековтің нұсқауымен, жаңа келісімшарттарсыз сол жұмыс үшін «Shanyrak Stroy Invest» компаниясына 88,7 миллион теңге аударылған.

Схемаға ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген Абылайхан Дүйсенбаев та қатысқан. Ол Қытайдан қымбат спорттық электромобиль сатып алу арқылы заңсыз табысты заңдастыруға көмектескен.

Серік Күшербеков 2024 жылдың сәуірінде Шымкент қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған. Алайда сол жылдың желтоқсан айында ұсталып, қамауға алынған. Көп ұзамай оның сыбайластары да тергеуге алынды.

Шымкенттің ауданаралық қылмыстық сотының үкімімен Серік Күшербеков 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайластары — Бағлан Пернебек пен Абылайхан Дүйсенбаев әрқайсысы 7 жылға сотталды. Сот үшеуін де бір ай ішінде 88,74 миллион теңге көлеміндегі келтірілген залалды өтеуге міндеттеді. Заңсыз табысқа алынған көлік мемлекет меншігіне тәркіленеді.

Сотталғандар үкімге апелляциялық тәртіппен шағымдана алады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте психикалық орталықта емделушілерді зорлағандар 15 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар