Шымкентте құрылыс материалдары саудасында заңбұзушылықтар анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында, Шымкент қаласының құрылыс дүкендерінде гранит, травертин өнімдеріне техникалық регламенттің талаптары сақталмағаны анықталды.

құрылыс материалдары
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

ҚР Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қала тұрғынының өтініші бойынша «Каменная Эра» ЖШС-не тиесілі «Ceramo Stone Group» дүкеніне жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде «Blak Diamond» және «Haf» маркалы жылтыратылған гранит плиталарына сәйкестікті растаудың отандық органдары тарапынан сертификаттар болмағаны анықталған. Бұл – «Құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» Техникалық регламенттің 4-қосымшасының 22-тармағының талаптарын бұзу болып табылады. Сонымен қатар, аталған өнімде мемлекеттік және ресми тілдерде міндетті таңбалау болмаған. Бұл өз кезегінде, Техникалық регламенттің 64, 65 және 66-тармақтарын, сондай-ақ «Техникалық реттеу туралы» ҚР Заңының 31-бабының 2-тармағын бұзылғанын айқындайды.

Нәтижесінде, Серіктестік ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 415-бабы 1-тармағының 1-тармақшасы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қысқартылған тәртіппен 572 260 теңге көлемінде айыппұл төледі. Алайда, осы дүкенде, сол азамат қайта шағымданып, тағы да осындай бұзушылықтар анықталып, екі еселенген мөлшерде (2,1 млн теңге) жаңа айыппұл салынды. Іс Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді. Бұдан басқа, өнімді таңбалау жөніндегі талаптардың сақталмауына байланысты Шымкент қаласының бақылау және қадағалау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы заңбұзушылықтар жойылғанға дейін өнімді сатуға тыйым салу туралы қаулы шығарды.

Сондай-ақ, осы департамент «KK-Stone Group» ЖШС-не де жеке тұлғаның шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіп, мұнда да сәйкестік сертификаттары мен өнімді таңбалаудың жоқтығы анықталды. Серіктестік әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды және бюджетке 359 970 теңге көлемінде айыппұл төледі. Сондай-ақ, өнімге қатысты анықталған бұзушылықтар толық жойылғанға дейін оны сатуға уақытша тыйым салынды.

Осыған дейін Әлемдік брендті заңсыз пайдаланған алматылыққа 1,5 млн теңге айыппұл салынғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар