Шымкентте медициналық қызмет сапасы мен халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM – Шымкентте Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру және медициналық қызмет сапасын жақсарту мәселелері талқыланды, деп хабарлады Құрылтайдың баспасөз қызметі.
10 қарашада Құрылтай депутаты Бахадыр Нарымбетов, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және Денсаулық сақтау министрлігі Фармация бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов Сайрам тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті.
Қалалық Өзбек драма театрында өткен жиынға республикалық мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, медицина қызметкерлері, жастар және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басым бағыттар болды.
Қатысушылар елдің экономикалық дамуы, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі міндеттерге ерекше назар аударды.
Құрылтай депутаты Бахадыр Нарымбетов Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыруда мемлекеттік органдармен қатар, қоғамның белсенділігі мен әр азаматтың жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті.
– Әрқайсымыз елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға өзіміздің қатысымыз бар екенін білуіміз керек. Қоғамды біріктіру, адал еңбек және жоғары азаматтық жауапкершілік арқылы ғана біз өңірлерде өмір сүру сапасын жақсарту бойынша алға қойылған мақсаттарға қол жеткізе аламыз, – деді депутат.
Сонымен қатар делегация Қалалық перинаталдық орталықтың медицина қызметкерлерімен кездесті.
Жиында ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері қаралды.
Дәрігерлер Президент Жолдауына қатысты пікірлерін ортаға салып, онда белгіленген бастамаларды қолдау жөніндегі ұсыныстарын білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатқаны хабарланған болатын. Медициналық нысанды 2027 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.