Шымкентте жыл басынан бері 213 егіз және төрт үшем дүниеге келді

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Шымкентте 20 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Олардың арасында 213 егіз бен төрт үшем бар. Қалада 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы да жүріп жатыр. Бұл туралы ДСМ мәлім етті.

Шымкентте жыл басынан бері 213 егіз және төрт үшем дүниеге келді
Фото: ДСМ

Шымкент қаласында демографиялық өсім тұрақты жалғасып келеді. Жыл басынан бері мегаполисте 20 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Оның ішінде 213 егіз және төрт үшем тіркелді. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының табиғи өсімі мен ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстардың маңызын айқындайды.

Жуырда Шымкент қалалық перинаталдық орталығында жеті баланың анасы 36 жастағы Ажар Ташқараева үшемді дүниеге әкелді. Альсия, Сафия және Аймұхаммед есімді сәбилердің жағдайы жақсы. Бұған дейін екі рет егіз босанған ана осылайша он баланың анасы атанды. Отбасы дәрігерлердің көмегі мен көрсеткен қамқорлығына алғысын білдірді.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ана мен бала өлімі көрсеткіші 23,6 пайызға төмендеген. Бұл бағыттағы оң нәтижеге жүкті әйелдерді ерте есепке алу, уақтылы диагностикалық тексеруден өткізу, жүктілік барысын тұрақты бақылау және босандыру ұйымдарында медициналық көмектің сапасын арттыру ықпал етеді. 

Бүгінде қалада босандыру қызметін көрсететін төрт медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның үшеуі үшінші деңгейдегі, біреуі екінші деңгейдегі перинаталдық көмек көрсетеді. Медициналық ұйымдарда жоғары қауіп тобына жататын жүкті әйелдерге, мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилерге және ерекше күтімді қажет ететін нәрестелерге тиісті медициналық көмек көрсетіледі. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Заманауи медициналық кешен халықаралық стандарттарға сай салынып, зертханалық-диагностикалық бөлімшемен жабдықталады. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Жаңа орталықтың іске қосылуы босандыру қызметінің әлеуетін арттырып, медициналық инфрақұрылымды дамытуға, ана мен балаға көрсетілетін көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. 

 Ана мен бала денсаулығын қорғау — денсаулық сақтау саласының басты басымдықтарының бірі. Әрбір сәбидің аман-есен дүниеге келуі мен дені сау болып өсуі — ортақ міндет.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда бір айда екі үшем дүниеге келген болатын.