Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарға инватакси мен сурдоаудармашылар қызмет көрсетуде
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкентте ерекше қажеттіліктері бар адамдардың дауыс беруіне жағдай жасалған.

Шымкенттіктер дауыс беруге белсенді түрде қатысып жатыр. Соның ішінде мүгедектігі бар азаматтарда өз таңдауларын жасап, дауыс беруде.
Жалпы қалада ерекше қажеттіліктері бар 3615 сайлаушы тіркелген және оларға ыңғайлы болу үшін сайлау учаскелерінде барлық қажетті жағдайлар жасалған. 1512 мүмкіндігі шектеулі азамат үшін 28 мамандандырылған инватакси жұмыс істейді және оларды учаскелерге тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Есту қабілеті бұзылған 1423 азаматқа 65 сурдоаудармашы көмектеседі және оларды учаскелерде ертіп жүреді. Көру қабілеті бұзылған 680 тұрғынға дауыс беру үшін ыңғайлы және қолжетімді болуы үшін тактильді жолдар, үлкейткіштер, Брайльді бюллетеньдер, құлаққаптар және басқа да арнайы құрылғылар орнатылған.
Айта кетейік, Шымкентте барлығы 344 сайлау учаскесі бар. Оның 23-і жабық, бұл азаматтардың ерекше санаттары үшін дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Ал, қалада 18 жасқа толған 660 563 тұрғыны дауыс беруге құқылы.