Шымкентте пакетке оралған адам сүйектері табылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының тұрғыны пакетке оралған адамның бас және өзге де сүйектерін тауып алды. Мұндай жағдай бұған дейін де тіркелген.

Шымкентте адам сүйектері табылды
Фото: Андрей Литовченко

Шымкент қалалық полиция департаменті хабарлағандай, оқиға орнына жедел-тергеу тобы жөнелтілді.

— Табылған сүйектер шығу тегі мен жерленген мерзімін анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберілді, — деп түсіндірді ПД баспасөз қызметі.

Анықталғандай, былтыр Шымкенттің дәл осы ауданында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кезде мәйіттер табылған. Сарапшылардың айтуынша, олардың жасы шамамен 25-30-те.

— Полиция қызметкерлері азаматтарды мұндай заттар табылғанда дереу хабарлауға және тәртіп сақшылары келгенге дейін өз бетімен ешқандай шара қолданбауға шақырады, — деп толықтырды ПД баспасөз қызметі.

Бұған дейін Шымкент тұрғыны Володарский көшесіндегі супермаркеттің жанындағы көлік тұрағынан адам сүйегі табылғаны туралы хабарлаған. Куәгер оларды құрылысшылар тауып алуы мүмкін деген болжам айтты. Себебі жақын жерде абаттандыру жұмыстары жүріп жатты.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында Сарайшық ауылынан адам сүйектері табылған еді.

Соңғы жаңалықтар