Шымкентте перинаталдық орталық пен жаңа ұшу жолағын салуға 33,5 млрд теңге бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдың алғашқы сессиясында берген тапсырмаларын орындау аясында өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша шаралар қабылдап жатыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Шымкентте перинаталдық орталық пен әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салуға 33,5 млрд теңге бөлінді
Фото: Үкімет

Шымкентте жаңа перинаталдық орталық пен халықаралық әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салу жобалары жүзеге асырылуда. Нысандардың құрылысын жалғастыруға қосымша 33,5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде денсаулық сақтау нысанына – 10 млрд теңге, ал екінші ұшу-қону жолағына 23,5 млрд теңге бағытталды.

Ақжайық шағын ауданында 200 төсек-орынға арналған жаңа перинаталдық орталық салынуда. Медициналық мекеме жылына 7 мың босануға арналған және ана мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмектің толық циклін қамтамасыз етеді. Акушерлік, гинекология және неонатология бөлімдерімен қатар, мұнда күрделі патологиялары бар жаңа туған нәрестелерге ем жүргізуге арналған неонаталдық хирургия қызметі ұйымдастырылады. Сондай-ақ диагностикалық зертхана, генетикалық зерттеулер жүргізуге арналған база, консультациялық және оңалту бөлімшелері қарастырылған.

Шымкентте перинаталдық орталық пен әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салуға 33,5 млрд теңге бөлінді
Фото: Үкімет

Нысанды пайдалануға беру төсек-орын қорын ұлғайтуға, қолданыстағы клиникаларға түсетін жүктемені азайтуға, акушерлік және неонаталдық қызметтердің қуатын арттыруға, сондай-ақ жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерді қоса алғанда, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында шамамен 800–1000 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары биыл қаңтардың соңында басталды.

Жаңа орталықтың салынуы мегаполис халқының өсуі мен бала туу көрсеткішінің жоғары болуына байланысты қажет болып отыр. Жыл сайын Шымкентте 30 мыңнан астам сәби дүниеге келеді, қазіргі таңда босану кезінде медициналық көмекті төрт медициналық ұйым көрсетеді.

Сондай-ақ Шымкентте 2025 жылғы қазан айынан бері халықаралық әуежайдың екінші ұшу-қону жолағының құрылысы жалғасып жатыр. Жаңа ұшу-қону жолағының ұзындығы 3 900 метр, ені 75 метр болмақ. Ол заманауи жарық сигнал беру жабдықтарымен жарақтандырылып, халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келеді. Бұл күрделі метеорологиялық жағдайлар мен көріну мүмкіндігі шектеулі кезде әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді.

Құрылыс жұмыстарының қажеттілігі қолданыстағы ұшу-қону жолағының жағдайына байланысты туындап отыр. Оған күрделі жөндеу жұмыстары 2007 жылы жүргізілген, ал кезекті жөндеу 2027 жылы қажет. Оны жүргізу әуежай жұмысын ұзақ уақытқа тоқтатуға алып келер еді. Бұдан бөлек, қолданыстағы жолақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің нұсқамасына сәйкес ұзартуды талап етеді. Жобаны жүзеге асыру әуежай инфрақұрылымын одан әрі дамыту кезеңінде оның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, ауыр жүк тасымалдаушы және жолаушы ұшақтарын қабылдау мүмкіндігін арттыруға, халықаралық жүк тасымалдарын кеңейтуге және Шымкенттің транзиттік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Авиациялық инфрақұрылымды дамыту Мемлекет басшысының Қазақстанды Еуразияның жетекші авиациялық хабына айналдыру, әуе хабтарды белсенді дамыту және оларды жаһандық логистикалық тізбектерге интеграциялау жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы, аталған құрылыс жобаларын жүзеге асыру өңір тұрғындары үшін медициналық және көлік қызметтерінің қолжетімділігін кеңейтуге, олардың сапасын арттыруға және халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

Айта кетелік Қазақстанда мердігерлерді бақылау күшейетіні туралы жазған едік