Шымкентте психикалық орталықта емделушілерді зорлағандар 15 жылға сотталды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі қарады.

Шымкентте психикалық орталықта емделушілерді зорлағандар 15 жылға сотталды
Фото: Kazinform

Жабық режимде өткен сот процесінде екі санитар-бақылаушының кәмелетке толмаған науқасты зорлау дерегі бойынша кінәлі екендігі анықталды.

Сот материалдарына сүйенсек, 2024 жылы екі қызметкер әйелдерге арналған № 3 бөлімшеде ем қабылдап жатқан, ақыл-есі кем кәмелетке толмаған жасөспірімді және екінші науқасты бірнеше рет еркінен тыс зорлаған. Бұл сорақы әрекеттер бөлімшенің теледидар көретін бөлмесінде және аулаға шығатын баспалдақ алаңшасында болған.

Сот үкімі бойынша екі сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1) тармағына сәйкес кінәлі деп танылып, әрқайсысы 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, олар педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Жәбірленушілердің моральдық зиянын өтеу мақсатында әрқайсысының пайдасына 10 миллион теңгеден өндірілді. 

— Сот отырысында айыпталушылардың қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың асырауында кәмелетке толмаған балаларының бар екені ескерілді. Алайда, қылмысты ауырлататын ешбір жағдай анықталған жоқ. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, - делінген Шымкент қаласы сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте тегін балмұздақ таратқан кәсіпкер қамауға алынғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар