Шымкентте ірі есірткі схемасына қатысы бар 17 адам сотталып, біреуі ақталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 18 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Қалалық соттың мәліметінше, сотталушыларға трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу, есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өндіру және өткізу, заңсыз кәсіпкерлік, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), сондай-ақ осы қылмыстарға көмектесу айыптары тағылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық схема Қазақстан аумағында ғана емес, одан тыс жерлерде де жұмыс істеген.
– Қазақстан және іргелес мемлекеттер аумағында психотроптық заттарды өндіріп, оларды виртуалды есірткі дүкендері арқылы өткізумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ әрекет еткен, – деп хабарлады сот үкімін жариялау кезінде.
Сот анықтағандай, 2024 жылы топ мүшелерінің бірі Шымкент қаласында аса ірі мөлшерде психотроптық заттар өндіретін зертхана ұйымдастырған. Оның туысы мен танысы шикізатты жасыруға және қылмыс іздерін жоюға көмектескен.
Сондай-ақ екі сотталушы 2022-2024 жылдары криптовалюта операциялары арқылы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, есірткі саудасынан түскен қаражатты заңдастырған. Тағы тоғыз адам өздерінің банк карталарын ұсынып, қаражатты қабылдау мен аударуға жағдай жасап, қылмыстық кірістерді жылыстатуға ықпал еткен.
Бұдан бөлек, екі тұлға адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы психотроптық заттарды сатқан. Тағы бір сотталушы криптовалюта сатып, алу-сатумен байланысты заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан.
Мемлекеттік айыптаушы барлық сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қорғау тарапы айыпталушылардың бір бөлігін ақтауды және қалғандарына жеңілірек жаза тағайындауды өтінді.
Сот дәлелдемелерді бағалай келе, сотталушылардың басым бөлігінің кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, мойындау жауаптарымен және өзге де іс материалдарымен дәлелденгенін атап өтті.
– Сот үкімімен 17 адам Қылмыстық кодекстің бірқатар бабы бойынша кінәлі деп танылды. Есірткі зертханасын ұйымдастырушы 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған сотталғандарға 2,5 жылдан 11 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ екі сотталушыға жазаны өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдырылды. Тағы екі адамға 11 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бір сотталушы кінәсі дәлелденбегендіктен ақталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан бұрын Алматы мен Жетісу облыстарынан есірткі зертханалары табылғанын жазған едік.