Шымкентте Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот басталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау фактісі бойынша сот процесі басталды.

Іс Шымкент қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Басты айыпталушы бұған дейін «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ін басқарған Ернар Жиембай. Ал, істі судья Әбінұр Қарабаев қарап жатыр. Сот отырысы мемлекеттік тілде, ашық форматта өтіп жатыр. Дегенмен, судья айыпталушы Ернар Жиембайды бейнежазбаға түсіруге тыйым салды.
Ернар Жиембайға Қылмыстық кодекстің екі бабы, яғни 24-баптың 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу»), 99-баптың 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша айып тағылып отыр.
Руслан Берденовке қарулы шабуыл биылғы 21 сәуірде әкімдік ғимаратының жанында жасалған болатын. Бұл — оның қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғанына екі ай ғана болған уақыт. Бұған дейін Руслан Берденов Парламент Мәжілісінің депутаты болды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданғанын жазған болатынбыз.
21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған.
Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.
Ал 25 сәуірде шенеунікке оқ атқан күдіктінің әкесі мәлімдеме жасады.
Руслан Берденовтің ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.