Шымкентте танымал кофе брендін заңсыз пайдаланған топ ұсталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Әділет департаменті мен полиция департаментінің бірлескен іс-шарасы барысында танымал MacCoffee бренді өнімін заңсыз қайталаған 3300-ден астам ерігіш кофе қаптамасы тәркіленді.

Қызметкерлер тіркелген тауарлық белгілерді заңсыз пайдаланудың жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шара аясында Шымкент қаласындағы қойма үй-жайлары мен сауда нүктелерін тексерді. Бұған себеп – өз өнімінің қолдан жасалғанын анықтаған MacCoffee компаниясының ресми өтініші болды.
— Рейдтер нәтижесінде бірнеше базар мен қоймаларда түпнұсқа MacCoffee өнімін сыртқы түрімен қайталаған қолдан жасалған тауардың сатылу деректері анықталды. Барлығы 264 мың теңге сомасына 3300-ден астам өнім тәркіленді, — деді қалалық Әділет департаменті бөлімінің басшысы Мұхтар Абдезов.
Оның айтуынша, контрафактілі өнімнің қаптамасы сапасыз болған, өндіруші туралы мәлімет көрсетілмеген әрі шығу тегі беймәлім болып шыққан.
Тауарлық белгіні заңсыз пайдаланғаны үшін құқықбұзушыларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, тәркіленген барлық өнімді міндетті түрде конфискациялау қарастырылған. Жаза түрін түпкілікті сот шешеді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте оқушыны ұрған мұғалім қамауға алынғанын жазған болатынбыз.