Шымкентте тегін концерт ұйымдастырған сауда орталығының басшылығы жауапқа тартылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Әнші Садраддиннің концертінде шу шықты.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан, концертке келген көпшіліктің кептеліп қалғанын көруге болады. Тіпті, адамдар арасында қысылып қалған қыздар, әрең қимылдап, жол ашып жатқаны кадрға түсіп қалған. Ал, шаш жұлысқан әйелдерді жігіттер ажыратып алған.
Тәртіп сақшылары адамдар легін ретке келтіріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Аталған жағдайға қатысты пікір білдірген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі тегін концертті өткізу кезінде полицияға шақырту түспегенін мәлімдеді.
Ал, сауда-ойын-сауық орталығының басшылығы концертті өткізуді ұйымдастыру тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, бұдан бұрын әлеуметтік желіде тікелей эфирге шыққан шымкенттік көлік жүргізушісі жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.