Шымкентте тергеудегі бұрынғы ХҚКО басшысы қайтыс болды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте № 2 арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы басшысы Жомарт Мурашимов қамауда отырған кезінде қайтыс болды.
Жомарт Мурашимов жүргізуші куәліктерін заңсыз беру ісімен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құруға қатысты айыпталып, сотқа дейінгі тергеу барысында тергеу изоляторында болған.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылғы 18 тамыз күні Ж. Мурашимов Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты № 69 мекемеде (қауіпсіздігі аралас) жұбайымен қысқа мерзімді кездесуде өзін жайсыз сезінген. Мекеме медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. 37 жастағы айыпталушы Шымкент қалалық № 1 ауруханасына жеткізіліп, «ми қан айналымының бұзылуы» диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызылды.
Алайда дәрігерлердің араласуына қарамастан, 2025 жылғы 19 тамыз күні сағат 10:45 шамасында Ж. Мурашимовтың жағдайы күрт нашарлап, ауруханада көз жұмды.
ҚАЖ департаментінің ресми ақпаратына сәйкес, Мурашимовқа Қазақстан Қылмыстық кодексінің 247-бабы 3-бөлігі, 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы және 262-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұған дейін, 2025 жылғы 12 мамырда Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты тергеуші Б. Тюльбашевтың өтінішін қанағаттандырып, айыпталушыға қатысты қамауда ұстау мерзімін төртінші рет ұзартқан. Бұл шешімге адвокаттар жеке шағым түсіргенімен, 21 шілдеде мамандандырылған ауданаралық сот шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.
Адвокат Талғат Есімов оның өлімі айыпталушының денсаулығының нашарлағанын дәлелдейтін медициналық құжаттардың ескерілмеуінен болғанын мәлімдеді.
— Менің қорғауымдағы Жомарт Мурашимов ауруханаға кома жағдайында жеткізілді. Біз бірнеше мәрте сотқа оның денсаулығына байланысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішхат бергенбіз. Медициналық құжаттар ұсынылды. Алайда сот біздің дәлелдерімізді қабылдамай, изолятордың медициналық санитариялық бөлім басшысының «денсаулығы бақылауда» деген мәліметіне сүйенді. Соның салдарынан осындай қайғылы жағдай болды. Енді осы өлімге кім жауап береді? — деді адвокат.
Сондай-ақ, ол Бас прокуратураға ИЧ № 69 мекемесінің медицина бөлімшесінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастауды және айыпталушылардың денсаулық жағдайын ескерместен қамауды формалды түрде ұзарту тәжірибесін тоқтатуды талап етті.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде айыпталушы Ернар Жиембайға соңғы сөзін айтқанын жазған болатынбыз.