Шымкентте учаскелік полицей 9 жыл бұрын кісі өлтірген күдіктіні ұстады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Арыс қаласының тұрғыны 2015 жылы үш адамды атып, оқиға орнынан бой тасалаған. Сол сәтте жәбірленушінің бірі алған жарақатынан ауруханада көз жұмды. Содан ер адамға халықаралық іздеу жарияланды.

Шымкент
Фото: polisia.kz

Қауіпті қылмыскерді Еңбекші аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Сәкен Ақбаев анықтады. Үнемі бас киім киіп, бет-әлпетін жасыруға тырысып жүретін жігіттен тәртіп сақшысы күдіктенген. Көлік жөндеу орталығына жақында жұмысқа орналасқанын білгеннен кейін инспектор ер азаматтың жеке басын анықтады.

«Тәртіп сақшысы оқиға туралы дереу жедел-тергеу тобына хабарлап, әріптестерімен бірге қашқынды қолға түсірді. Қазір күдікті қамауда. Ол Арыстың құқық қорғаушыларына тапсырылатын болады» - делінген Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар