Шымкентте жас босанған әйелдер «ана мен бала» дәрі қобдишасын ала алмай келген
АСТАНА. KAZINFORM — Қалалық прокуратура перзентханаларда «ана мен бала» дәрі қобдишасын беру заңдылығына талдау жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы мәлімдеді.
Талдау нәтижесінде үш мыңға жуық жаңа туған нәрестелерге перзентханалардан шығару кезінде қажетті дәрі қобдишасы берілмегені анықталды.
— Қадағалау актісі негізінде 2763 нәрестенің аналары дәрі қобдишасымен қамтамасыз етілді, № 2 қалалық аурухананың бас дәрігері Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 426-бабымен (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) әкімшілік жауаптылыққа және 5 медицина қызметкері тәртіптік жауаптылыққа тартылды, — делінген прокуратура таратқан ақпаратта.
Ведомство мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте бағдаршамдардың секундомерін неге алып тастағаны анықталды.