Шымкентте жаңа Жапон саябағы ашылды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында қалалық ортаны дамыту, өндірістік әлеуетті арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобамен танысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Сапар аясында Нұрлыбек Нәлібаев Қала күні мерекесіне орай ашылған жаңа Жапон саябағының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мегаполис тұрғындары мен қонақтары жиналды.
Аумағы 2,3 гектарды құрайтын жаңа қоғамдық кеңістік бұрынғы «Кең баба» саябағының орнында бой көтерген. Өткен жылы мемлекет меншігіне қайтарылған аумақ заңсыз нысандардан тазартылып, кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Жоба қаланың тарихи маңызы бар аумақтары бірінің бастапқы қызметін қалпына келтіріп, тұрғындар үшін жаңа демалыс кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Жапон саябағы адам мен табиғат арасындағы үйлесім философиясына негізделген. Мұнда сакура аллеялары, тас бақтары, су үстіндегі демалыс орындары, жапон ауылдары, көркем серуен жолдары, медитация аймақтары, сәндік тұқы балықтары бар тоғандар мен арнайы фотоаумақтар орналасқан.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ Қала күніне орай тағы бір заманауи Экопарк пайдалануға берілетінін жеткізді.
Сонымен қатар Нұрлыбек Нәлібаев «Жұлдыз» индустриялық аймағындағы «Wan Sheng Ceramic» керамикалық тақташалар зауытының жұмысымен танысты. Қытай инвесторларының қатысуымен жүзеге асқан жобаға 25,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 350 тұрақты жұмыс орны ашылған. Кәсіпорын жылына 12,7 млн шаршы метр керамогранит өнімін өндіреді. Қазіргі уақытта өндіріс қуатын арттыруға бағытталған екінші кезеңге дайындық жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Тассай» индустриялық аймағында орналасқан «Asia Trafo» трансформатор зауытын аралады. Орталық Азиядағы ірі электротехникалық кәсіпорындардың бірі саналатын зауытта 250-ге жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорын жоғары кернеулі трансформаторлар шығарып, жылына 12 мың МВА-дан астам өндірістік қуатқа ие.
Кәсіпкерлермен кездесу барысында Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметтің отандық өндірісті қолдауға дайын екенін атап өтті.
Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 150 орындық заманауи оңалту орталығының құрылыс барысы қаралды. Бозарық шағынауданында орналасқан нысанның жалпы аумағы 5,3 гектарды құрайды. Жоба бес блоктан тұрады және халықаралық стандарттарға сай жабдықталады.
Орталықта І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Кешен құрамында спорт залы, бассейн, акт залы, оңалту корпустары, асхана, стационар және қосымша инфрақұрылымдық нысандар қарастырылған.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 65 пайызы аяқталған. Жоспар бойынша нысан 2026 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі.
Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс жұмыстарын жеделдету мүмкіндігін қарастырып, ең басты талап ретінде құрылыс сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жалпы, Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан жобалар қалалық ортаның сапасын арттыруға, өндірістік әлеуетті нығайтуға және тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Осыған дейін Шымкентте бұрынғы «Қиял әлемі» орнында заманауи City Park пайдалануға берілгені туралы жаздық.