Шымкентте жаңадан 2 индустриялық аймақ іске қосылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте жаңадан 2 индустриялық аймақ іске қосылды. Бұл АЭА-ларда 293 жоба іске асырылып жатыр және 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков айтты.

«Қазіргі таңда, 438 гектарды құрайтын жаңадан 2 индустриялық аймақ іске қосылды. Біріншісі – «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Бұл аймақты құру жұмыстары 2020 жылы басталып, биыл толықтай іске қосылды. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланған. Аймақта жалпы көлемі шамамен 166 млрд теңгені құрайтын 46 ірі заманауи кәсіпорын ашылады. Екіншісі, «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағы. Мұнда құны 44 млрд теңгені құрайтын 2 мыңнан астам жұмыс орнымен 25 жоба іске асады», - деді ол ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, осылайша бүгінгі таңда қалада жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақтардың саны 7-ге жеткен. Бұл аймақтарда 293 жобаны іске асыру арқылы 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылып, қала экономикасына 225 млрд теңге инвестиция құйылған.
Айта кетейік, бұған дейін қала басшысы Шымкентте өңдеу өнеркәсібі саласында 12 жоба іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын айтқан болатын.
Осыған дейін Шымкентте өңдеу өнеркәсібі саласында 12 жоба іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын жаздық.