Шымкентте жылу қашан тегіс беріледі
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте бүгіннен бастап жылу беріліп жатыр. Қаладағы барлық нысанды жылу жүйесіне қосуды 25 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.
Шымкент әкімдігінің мәліметінше, «Қуатжылуорталық-3» мекемесі 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымының басталуына байланысты магистральдық және орамішілік жылу желілерін сумен толтыруға кіріседі. Қазандықтарды іске қосу жұмыстары бірнеше күнге созылады.
— 20 қазаннан бастап РК-3, К-54, К-24, К-19, ПМК-49 қазандықтары мен 40 жалпы білім беретін мектептің қазандықтарын іске қосу басталады. Бұл жұмыстарды 25 қазанға дейін толық аяқтау жоспарланған. Алдымен балабақшаларға, мектептер мен ауруханаларға, кейін көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріледі. Үшінші кезеңде басқа да заңды тұлғалардың нысандары жылу жүйесіне қосылады, — деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Жылу беру кезінде тұрғындар жертөлелер мен пәтерлердегі құбырлардың жағдайын қадағалауы тиіс. Құбыр жарылған жағдайда «Қуатжылуорталық-3» мамандарына хабарлау қажет. Ол үшін 8 (771) 882-62-55, 56-50-27, 44-81-89 және 44-82-37 телефон нөмірлеріне қоңырау шалуға болады.
Қала әкімдігі кәсіпорынның үй ішіндегі жылыту жүйелеріндегі құбырлардың жарылуына және пәтерлердегі мүліктің бүлінуіне жауапты емес екенін ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте жылыту маусымы қарсаңында жылумен жабдықтау тарифтері қайта қаралды. Өзгерістер заңды тұлғалар мен кәсіпорындарға қатысты болды. Ал тұрғындар үшін жылу тарифтері бұрынғы деңгейде қалды.