Шымкентте жылу желілерін робот көмегімен диагностикалайтын пилоттық жоба сәтті аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрлігі Шымкент қаласында жылу желілерін құбыр ішінен роботталған кешен көмегімен диагностикалау пилоттық жобасының сәтті аяқталғанын мәлімдеді.

Акустикалық резонанс әдісіне негізделген роботталдырылған құбырішілік диагностика кешені болат құбырлардың қалған қалыңдығын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Ол үш негізгі бөліктен тұрады:
- мобильді зертхана;
- құбыр ішілік инспекциялық құрал;
- мәліметтерді жинау-сақтау жүйесі.
Мәліметтерді өңдеуде жасанды интеллект технологияларын қолдану операцияларды жылдамдатып, ақауларды дәлірек анықтауға жол ашады.
Бұл кешен «Жанармай-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» аясындағы ЖЭК-ті цифрлық трансформациялау картасына сай «EnergyTech» платформасының құрамына енгізіледі. Жүйе жылу желілерін проактивті диагностикалауға, цифрлық техникалық бақылауды енгізуге және апаттарды азайтуға бағытталған.
Жүйенің басты мүмкіндіктері мыналар:
-
Скани́рлеу нәтижелері бойынша болат құбырлардағы ішкі және сыртқы коррозияны автоматты түрде анықтап, олардың нақты орналасқан жерін белгілеу;
-
Құбырлардың қалған ресурсын пайдалану шарттарына қарай анықтау;
-
Тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық секторында құбыр желілерін басқарудың болжамдық моделін (predictive model) әзірлеу, бұл арқылы апаттар санын азайту;
-
Құбырлардың нақты тозу деңгейін ескере отырып, бюджет қаражатын тиімді бөлу.
Сондай-ақ, жүйе «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының мақсаттары мен міндеттеріне сай жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба аясында Энергетика министрлігі салалық негізгі процестерді цифрландырып, жылу желілерін қайта құру жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетейік, Энергетика министрі электр желілерін жөндеу уақытылы аяқталады деп уәде берді.