Шымкентте жол апатынан кейін көлік өртенді: екі адамның жағдайы ауыр
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам ауыр жарақаттанып, жансақтау бөліміне жеткізілді. Апаттан кейін автокөлік өртеніп кеткен.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар көліктің толықтай отқа оранғанын анықтап, өртті сөндірген.
— Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен екі адам жедел медициналық көмек қызметінің мамандарына тапсырылды, — деп мәлім етті ведомство.
Қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, дүкен ғимаратына соғылған. Соққыдан кейін автокөлік өртенген.
— Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Жол апатынан зардап шеккен екі тұрғын № 1 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
— Екі науқастың да жағдайы ауыр, — деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Бұдан бұрын Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сот кейінге шегерілгенін жаздық.