Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сот кейінге шегерілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бүгінгі сот отырысында Zeekr жүргізушісінен жауап алу жоспарланған болатын, алайда процесс кейінге қалдырылды.

Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сот кейінге шегерілді
Фото: Kazinform / Еламан Тұрысбеков

Бүгін сот отырысында жәбірленуші тараптың жаңа адвокаты Гүлмира Бабажанова таныстырылды. Ол жол апатынан қаза тапқан Mercedes жүргізушісі туыстарының мүддесін қорғайтын болады.

Адвокат қылмыстық іс материалдарымен танысып шығу үшін уақыт беру туралы өтініш білдірді. Сот бұл өтінішті қанағаттандырып, істі 15 маусымға шегерді.

Сот
Фото: Kazinform / Еламан Тұрысбеков

Еске салайық, кеше жәбірленуші тарап өз адвокаттары Олег пен Анна Черновтардың қызметінен бас тарту туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.

Бұл іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Еркін Майшиновтың төрағалығымен қаралып жатыр. Айыпталушы орындығында — 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак отыр. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылған.

Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Іс бойынша сот отырысында жәбірленушілер Александр Пакке кешірім берді.

Сондай-ақ Әл-Фарабиде даңғылында болған жол апатының бейнежазбасы сотта көрсетілді.

Бірнеше куәгер сотта жаңа деректермен бөлісті.