Әл-Фарабидегі жол апаты: жәбірленушілер адвокаттан бас тартты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан Mercedes жүргізушісінің жақындары сотта олардың мүддесін қорғаған адвокаттардың қызметінен бас тартты.
Бұл туралы заңгер Анна Чернова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
— Әл-Фараби даңғылында адам өліміне әкелген жол апаты бойынша мүддесін тегін қорғаған жәбірленуші тарап біздің қызметімізден бас тартты. Біз бұл шешімді құрметтейміз және көрсетілген сенім үшін алғыс айтамыз, — деп атап өтті ол.
Қорғаушының жазбасында бұл шешімді қабылдауға не себеп болғаны аталмаған.
Бұған дейін апаттан қаза тапқан 2003 жылғы бойжеткен К.-нің анасы да адвокат қызметінен бас тартқан болатын.
Аталған іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Еркін Майшиновтың төрағалығымен қаралып жатыр. Айыпталушы орындығында — 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак отыр. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу) бойынша айып тағылған.
Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Іс бойынша сот отырысында жәбірленушілер Александр Пакке кешірім берді.
Сондай-ақ Әл-Фараби даңғылында болған жол апатының бейнежазбасы сотта көрсетілді.
Оған қоса бірнеше куәгер сотта жаңа деректермен бөлісті.