Шымкенттегі 13 сарбаздың улануы: сотталушыға рақымшылық жасалды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында № 6506 әскери бөлімі сарбаздарының жаппай улануына қатысты істі қарау аяқталды.

Шымкенттегі 13 сарбаздың улануы: сотталушыға рақымшылық жасалды
Фото: freepik.com

Оқиға осы жылдың қаңтар айында болған. Түскі астан кейін сарбаздардың денсаулығы кенет нашарлап, іші ауырып, жүрегі айнып, іші өткен. 13 сарбаз медициналық көмекке жүгініп, оларда ішек инфекциясы анықталған. 

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің тексеруі кезінде асхана ыдыстары мен жабдықтарының нашар дезинфекцияланғаны анықталды. Асхана меңшерушісі дезинфекциялық ерітіндінің концентрациясын үш есеге дейін азайтқан.

— 27 қаңтарда сағат 07.00 шамасында А.Қозыбақова № 6506 әскери бөлімінің асханасында ас үй жабдықтарын тазарту және дезинфекциялау үшін суға «Део-Хлор» дезинфекциялық затын стандартта белгіленген шамадан аз мөлшерде ерітіп, алынған ерітіндіні ыдыс-аяқ пен ас үй ыдыстарын өңдеуге пайдаланған. Соның салдарынан заттар дұрыс дезинфекцияланбаған, бұл санитарлық-гигиеналық нормалардың бұзылуына және абайсыздан әскери қызметкерлердің жаппай ауруға шалдығуына әкеп соқты, — деп хабарланды сотта.

Сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының 1-бөлігі (Абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына, ауру жұқтыруына, сәулеленуіне немесе улануына әкеп соққан бұзу) бойынша айып тағылды.

Сот отырысында Қозыбақова өз кінәсін мойындамай, кейбір сарбаздардың алдыңғы күні еңбек демалысында болғанын және бөлімшеден тыс жерде тамақтануы мүмкін екенін айтты.

Зардап шеккен сарбаздардың барлығы оқиғаның мән-жайын растап, алайда сырқаттан толық айыққандарын және басшыға шағымдары жоқтығын жеткізді.

Сот Қозыбақованы кінәлі деп таныды. Бірақ рақымшылық заңын қолдана отырып, бір жыл мерзімге тамақтандыру саласында жұмыс істеуге тыйым салып, оны негізгі жазадан босатты.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар шешімге шағымдануға құқылы.

Апта басында Арқалықтағы жаппай уланудың себебі анықталғаны туралы жарияладық. Жергілікті мейрамханада өткен мерекелік шарада 86 адам ішек инфекциясын жұқтырып, олардың басым бөлігі ауруханаға жатқызылды.

Соңғы жаңалықтар