Шымкенттегі 17 базар неге жабылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Өткен жылы Шымкенттегі кейбір базарлар жаңғыртудан өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сүйенсек, Шымкенттегі базарларда жалға алушы ретінде жұмыс істейтін 8807 жеке кәсіпкер тіркелген.
Ал жалпы Шымкентте 19 базар бар: «Авто Нұр», «Алаш», «Самал», «Айна», «Орталық жоғарғы базар», «Дархан», «Назым апа», «Акбар», «Тұлпар», «Сандыбаев» мал базары, «Жабық базары», «Жаңа қала», «Жібек жолы», «Жұманов автобазары», «Барыс», «Береке», «Көктем», «Нұр-Сайрам», «Пионер». Оның жетеуі әмбебап болса, 12-сі мамандандырылған.
– Бұған дейін Шымкентте 36 базар болса, оның 19-ы әмбебап, 17-сі мамандандырылған еді. Жаңғырту барысында «Еуразия», «Ынтық ата» мал базары, «Алтын Орда», «Әсел», «Юж транс», «Бенефит», «Айзара», «Арғымақ» сияқты 8 базар жабылды. «Бекжан», «Көмеш бұлақ», «Алатау», «Аргон», «Жан ұя», «Сейхун», «Нұрлы жол», «Дәуреханова», «Зияш ана» сияқты 10 базар және «Ынтық ата» көк базары мақсатын өзгертіп, сауда қатарларына айналды. Сондай-ақ, «Пионер» жұмыс істеп тұрған базарлар қатарына қосылды, - деп мәлімдеді Ұлттық статистика бюросының мамандары.

2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Бұл базарлардың жай-күйі мен ондағы сауданы ұйымдастыруға қатысты талаптарды күшейтті.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігімен бекітілген жол картасы аясында «Алаш», «Самал», «Жаңа қала», «Орталық жоғарғы базар», «Авто Нұр», «Жабық базары» және «Назым апа» сияқты 7 базарды жаңғырту жұмыстары жоспарға енді.
2024 жылдың желтоқсанында «Алаш», «Самал» және «Жаңа қала» базарларын қайта құру және жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ал, «Авто Нұр», «Орталық үстіңгі базар», «Жабық базары» және «Назым апа» базарларын барлық қажетті талаптарға сай етіп заманауи сауда алаңдарына айналдыру биылғы жылы іске аспақ.
– Базарларды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жаңа сауда орындары ашылып, қосымша жұмыс орындары пайда болуда. Стихиялық саудамен айналысатындар саны айтарлықтай қысқарды,-дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев.

Сауда қатарларын жаңғырту - уақыт пен қомақты инвестицияны қажет етеді. Сондай-ақ, қайта құру жұмыстары үшін базарларды жабу жұмыссыздықтың күрт өсуіне алып келеді және жалға алушыларды да қаражатсыз қалдыруы мүмкін. Ал жұмыс аяқталғаннан кейін нысан иелері инвестициясын қайтару үшін жалдау ақысын көтеруге мәжбүр болады. Бұл тауар бағасының өсуіне әкеледі. Сондықтан базарларды кезең-кезеңімен жаңғырту тиімді болып отыр.
— «Авто Нұр», «Орталық үстіңгі базар» және басқа да базарлардағы басты мәселе – қаржы тапшылығы және жаңғырту кезеңінде жеке кәсіпкерлерді сауда орындарымен қамтамасыз ету қажеттілігі. Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болғандықтан, базарларға қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін субсидияланған пайыздық мөлшерлеме қарастылылмаған. Барлық жұмыстар жеке қаражат есебінен жүргізіледі, - деп түсіндірді Үсен Исаев.

Құрылыс материалдарының тұрғын үйлердің маңында және жол бойында сатылуы қалада көптен бері шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі. Клиенттерді жоғалтып алудан қорқатын кейбір сатушылардың қарсылығына қарамастан бұл жағдайды реттеу ісі қолға алына бастады. Жергілікті билік бұл жай ғана тұрғындарға жасалған ыңғайлылық қана емес, қаладағы қауіпсіздік пен тәртіпке бағытталған қадам екенін мәлімдеді.
– Құрылыс базарларын қала сыртына шығару үшін төрт құрылыс сауда орталығы құрылды: «Солтүстік-1» (6 га, Қаратау ауданы), «Солтүстік-2» (7,6 га, Абай ауданы), «Ынтымақ» (77 га, Абай ауданы) және «Құрсай» (29 га, Тұран ауданы). 2024 жылдың шілдесінен бастап заңсыз сауда нүктелерінде құрылыс материалдарын сатушыларды осы арнайы бөлінген аумақтарға көшіру жұмыстары басталды, - деп мәлімдеді кәсіпкерлік басқармасынан.

Шымкент көп жылдан бері жаяу жүргіншілер жолындағы стихиялық саудамен күресіп келеді. Халық көп жүретін аймақ сатушылардың сүйікті мекені екені анық. Ретсіз сауда жасаушыларға бүгінге дейін бірнеше рет ескерту берілген. Айыппұл да салынып жатыр. Бірақ полиция кетісімен сауда қайта қызады.
– 10 күн ішінде Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының және аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп Әйтеке би көшесінің бойында рұқсат етілмеген орындарда сауда жасағаны үшін және абаттандыру ережелерін бұзған 4 кәсіпкерлік субъектісіне айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы – 160 500 теңге, қаражат толығымен өндірілді. Рейдтік іс-шаралар жоспарлы түрде жалғасатын болады, - делінген Шымкент қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.

Осылайша, бүгінде мегаполисте рұқсат етілмеген сауда мәселесі өзекті болып тұр. Сатушылар сауда орнын жалға алудан және салық төлеуден қашатындықтан ретсіз сауда жуық арада реттелмесі анық. Алайда, қала әкімдігі сауда иелері базарларға көшетін болса, олардан қосымша төлем алынбайтынын мәлімдеді. Бұл бағытта әкімдік пен базар иелері арасында келісім де жасалған.
– Рұқсат етілмеген орындардағы сауданы реттеу шарасы ретінде сауда орындары 1 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге конкурстық негізде тегін беріледі, - деп атап өтті Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы облысы Қаскелең қаласындағы базардан өрт шыққанын жазған болатынбыз.