Шымкенттегі әкімдік ғимаратындағы өрттен құжаттар бүлінген жоқ – Сәрсен Құранбек
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының Абай ауданы әкімдігінде болған өрт салдарынан құжаттар бүлінген жоқ. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, әкімдік аппаратының ресми өкілі Сәрсен Құранбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, төтенше жағдай қызметінің өрт сөндірушілері дер кезінде әрекет етіп, жалынды толық сөндірген.
– Өрт шатырдан ары жайыла қойған жоқ. Бірде-бір құжат өртенген жоқ. Тек 10-ға жуық компьютер су болған. Зардап шеккендер мен оқыс жағдайға тап болғандар жоқ. Қазіргі таңда сараптама және тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыдан кейін өрттің шығыны мен ғимаратты қалпына келтіру шаралары бойынша арнайы есеп дайындалады, – деді Сәрсен Құранбек.
Өрт шыққан ғимаратта Абай ауданы әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті орналасқан болатын. Қазір аудан әкімдігі «AMANAT» партиясының ғимаратына уақытша қоныстанса, Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің қалалық департаменті Тәуке хан даңғылы №6 мекенжайына көшірілді.
– Қазіргі таңда екі мекеменің де жұмысы қалыпты режимде істеп тұр. Ешқандай кедергілер жоқ, – деп атап өтті Сәрсен Құранбек.
Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте Абай ауданы әкімдігінің ғимараты өртенгенін жазған болатынбыз.