Шымкенттегі Бадам өзенінде неге балық қырылып жатыр
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Балықтың жаппай қырылуына химиялық құрамдағы төгінді судың авариялық түрде ағызылуы себеп болуы мүмкін. Экологтар оқиға орнына барып, су сынамаларын алып, алдын ала қорытынды жасады.
Өзен жағасына шығып қалған өлі балықтарды алғаш жергілікті тұрғындар байқаған. Мәселенің ушығуына тұрғындардың әлеуметтік желілерде таратқан бейнежазбасы түрткі болды.
Кадрларда өзен үстіндегі ірі құбырдан белгісіз сұйықтықтың әуелі топыраққа, кейін тікелей су арнасына аққаны көрінеді. Ағыс бойымен төмен қарай өзен суының лайланып, сұр-жасыл түске өзгергені байқалған. Бұдан кейін қала тұрғындары өлі балықтардың видеосын жариялап, ластану көзін анықтауды талап еткен.
Осыған байланысты Экология департаментінің мамандары мәселенің мән-жайын анықтау үшін оқиға орнына барды.
– Су сынамаларын өзеннің бірнеше нүктесінен, атап айтқанда, ықтимал төгінді су төгілген аймақтан жоғары, тікелей төгінді нүктесінен және төменгі ағыс бөлігінен алдық, – деді Шымкент қалалық Экология департаментінің бас маманы Ақмарал Нысанбекова.
Мамандардың айтуынша, жағдай бастапқы сәттен-ақ әдеттегі ластану оқиғаларынан өзгеше болған.
– Көп жағдайда төгінді қысқа мерзімді сипатта болып, су ағысының әсерінен тез сейіледі. Алайда бұл жолы химиялық төгінді судың ағызылуы шамамен екі сағатқа созылып, көлемі айтарлықтай болған. Соның салдарынан балық жаппай қырылған, – деді мамандар.
Тексеру барысында өндірістік сипаттағы төгінді судың Су арнасына тиесілі қалалық коллектор арқылы өзенге аққаны анықталған. Аталған коллекторға индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындар өндірістік қалдықтарын төгуі мүмкін. Дегенмен мұндай химиялық төгінді суларды қалалық кәріз жүйесіне ағызуға тыйым салынған. Олар арнайы ұйымдар арқылы бөлек тәртіппен кәдеге жаратылуы тиіс.
Алдын ала болжам бойынша, жоғары концентрациядағы агрессивті химиялық қосылыстар металл құбырды коррозияға ұшыратқан. Соның салдарынан құбырда тесіктер пайда болып, улы төгінді су өзенге тікелей аққан.
Экологтар аталған жағдайды химиялық белсенді төгінді судың авариялық түрде ағызылуы ретінде бағалап отыр.
– Су құрамындағы сульфат мөлшерінің күрт артқаны тіркелді. Көрсеткіш бір литрге шаққанда бес-алты мың миллиграммға дейін жеткен. Таза күкірт қышқылы кәріз жүйесіне төгілмейді. Алайда мұндай көрсеткіштер суға араластырылған күкірт қышқылы ерітіндісінен тұратын төгінді судың бар екенін көрсетеді. Мұндай заттарды қалалық коллекторға төгуге қатаң тыйым салынған, – деп хабарлады департамент өкілдері.
Мамандардың айтуынша, жоғары қышқылдылық деңгейі тек инженерлік инфрақұрылымға ғана емес, өзен экожүйесіне де айтарлықтай зиян келтіріп, балықтардың жаппай қырылуына себеп болуы мүмкін.
Қорытынды шешім су сынамаларының зертханалық талдау нәтижелері алынғаннан кейін қабылданады.
Экология департаменті тексеріс қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешімдер қабылданып, кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
Бұдан бұрын Шымкентте тұрғындар жағымсыз иіске шағымданғанын жазған едік.